Тіркеу бөлімі: 57-25-32
Анықтама: 57-46-81

САLL-ОРТАЛЫҒЫ: 1430, 57-28-65 
(МАМАНДАРҒА ЖАЗЫЛУ, ДӘРІГЕРДІ ҮЙГЕ ШАҚЫРУ)

57-25-32, +7 708 590 88 12
Тіркеу бөлімі
57-46-81
Анықтама
Шевченко к.,1
Астана қ.

Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы құқықытары мен міндеттері

Азаматтардың құқықтары

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттары уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етілуге;
3) медициналық ұйымды, сапалы әрі уақтылы медициналық көмекті еркін таңдауға;
4) өздерінің жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті сақтандыру жүйесінің қаражаты және тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтерге;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен айғақтар болған кезде, бюджет қаражаты есебінен шетелде медициналық көмек алуға;
6) медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы дұрыс тағайындамауынан және қолданбауынан денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
7) еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама бере отырып, еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыруға;
8) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурулар профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің және медициналық оңалтудың әдістері, клиникалық зерттеулер, қоршаған ортаның жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын, дұрыс тамақтану мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындыларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы дәйекті ақпаратты өтеусіз алуға;
9) дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сарапшы ұйымдардан және субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
10) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) денсаулық сақтау ұйымына, жоғары тұрған органға және (немесе) сот тәртібімен шағым жасауға;
11) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы өтініш беруге құқығы бар.

2. Әйелдің ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, өзі қаламайтын жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.

Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық тексеріп-қарау, оларды динамикалық байқау және сауықтыру;
2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы және еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.

3. Психикасының бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар. Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

4. Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғарыда келтірілген барлық құқықтарын пайдаланады.

5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналасындағылар үшін қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
Ескерту. 88-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Пациенттердің құқықтары
1. Пациенттің осы Кодекстің 88-бабында көрсетілген құқықтардан басқа:
1) диагностика, емдеу және күтім жасау процесінде өзіне лайықты ілтипат жасалып, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;
2) қандайда бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық критерийлер негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмек алуға;
3) дәрігерді немесе медициналық ұйымды таңдауға, ауыстыруға;
4) отбасының, туыстары мен достарының, сондай-ақ діни бірлестіктер қызметшілерінің тарапынан қолдау көрсетілуге;
5) медициналық технологиялардың қазіргі деңгейі қандай мүмкіндік берсе, сондай шамада дерт зардабының жеңілдетілуіне;
6) өзінің денсаулық жағдайы туралы тәуелсіз пікір естуге және консилиум өткізілуіне;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады.

2. Пациенттің өз құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы қызметтердің құны туралы, сондай-ақ олардың ұсынылу тәртібі туралы ақпарат алуға құқығы бар. Пациенттің құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылуға тиіс.
Медициналық ұйымға түскен кезде пациентке өзіне медициналық қызметтер көрсететін адамдардың аты-жөні мен кәсіптік мәртебесі туралы, сондай-ақ медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидалары туралы мәліметтер берілуге тиіс.
3. Медициналық көмек пациенттің ауызша немесе жазбаша хабардар етілген ерікті түрдегі келісімі алынғаннан кейін көрсетілуге тиіс.
4. Пациент медициналық көмек алу кезінде ұсынылатын және баламалы емдеу әдістерінің ықтимал қатері мен артықшылықтары туралы деректерді, емделуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтерді, пациентке түсінікті болатын нысандағы диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпаратты қоса алғанда, өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпаратты алуға, сондай-ақ оны үйге шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептері туралы түсінік алуына құқығы бар.
5. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Пациенттің ақпарат алудан бас тартуы жазбаша ресімделеді және медициналық құжаттамаға енгізіледі.
6. Егер медициналық апараттың берілуі пациентке пайдасын тигізбейтіні былай тұрсын, елеулі зиянын да тигізеді деуге кесімді негіз болса ғана ақпарат пациенттен жасырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы ақпарат пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарланады.
7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары жағдайында медициналық көмек алатын пациенттердің оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық рәсімдердің өткізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы бар.
8. Пациенттердің құқықтарын қорғауды денсаулық сақтау органдары, ұйымдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
9. Пациенттің медициналық көмек алу кезінде тағайындалған дәрілік зат туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.
10. Некелесетін азаматтардың медициналық және медициналық-генетикалық зерттеп-қаралуға құқығы бар.

Балалардың құқықтары
1. Әрбір баланың:
1) денсаулық сақтау жүйесінің уақтылы әрі тиімді қызметтерін және ауруды емдеу мен денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
2) денсаулық сақтау саласында білім алуға;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық тексеріп-қаралуға және динамикалық байқалуға, емделуге, дәрімен қамтамасыз етілуге және сауықтырылуға құқығы бар.

2. Балаларды стационарлық емдеу кезінде:
1) үш жасқа дейінгі, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж ересек, науқасы ауыр балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ беріліп, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігі жасалады;
2) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін медициналық ұйымда болған барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

3. Мектеп жасындағы балалардың стационарлық, қалпына келтіру емін алу кезеңінде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үздіксіз білім алуға құқығы бар. Стационарлық балалар бөлімшелерінің және мамандандырылған стационарлық медициналық балалар ұйымдарының пациенттеріне ойын ойнау, дем алу және тәрбие жұмысын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалады.
4. Мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырған, ЖИТС-пен ауыратын балалардың білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлерінде және жалпы мақсаттағы өзге де медициналық және оқу-тәрбие ұйымдарында болуға құқығы бар.
5. Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымға орналастыруға медициналық қарсы айғақтар тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

Азаматтардың, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың міндеттері
1. Азаматтар:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға;
2) денсаулық сақтау ұйымдарының қолданыстағы режимін сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты нұсқамаларын орындауға;
5) өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтау жөніндегі сақтық шараларын орындауға, медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша зерттеп-қараудан өтуге және емделуге, инфекциялық аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде өзінің ауруы туралы медициналық персоналға хабарлауға міндетті.
Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын азаматтар зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес куәландырылуға және мәжбүрлеу тәртібімен емделуге тартылады.
Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегетін азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберудің негіздері мен тәртібі осы Кодекспен реттеледі;
6) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.

2. Жүкті әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде медициналық есепке тұруға міндетті.

3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттілікте болады.

4. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өздері жүзеге асыратын қызметіне сәйкес:
1) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізуге;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің, сондай-ақ мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың актілері мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларының талаптарын орындауға;
3) орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау және халыққа өткізу кезінде оның қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
5) жаппай және топтық инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен улану пайда болған жағдайда, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығына қауіп төндіретін авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы туралы, технологиялық процестердің бұзылуы туралы уақтылы хабарлауға;
6) дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың жанама әсерлері анықталған жағдайда, уәкілетті органға уақтылы хабарлауға;
7) айналасындағыларға инфекциялық және паразиттік ауруларын жұқтыру қаупі бар қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қызметкерлерді гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге;
8) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының лауазымды адамдарына өздерінің құзыретіне сәйкес зертханалық зерттеулер жүргізу үшін өнімдердің, шикізаттың, тауарлардың, өндірістік ортаның сынамаларын іріктеп алуға мүмкіндік жасауға;
9) медициналық тексеріп-қараудан өткендігін куәландыратын құжаты жоқ адамдарды жұмысқа жібермеуге, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары анықтаған инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарды және инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын таратушыларды жұмыстан шеттетуге;
10) тауарлардың, өнімдердің, шикізаттың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына және гигиеналық нормативтерге сәйкес еместігі анықталған жағдайда, оларды өткізуге жол бермеуге, сондай-ақ оларды пайдалану немесе кәдеге жарату мүмкіндігі туралы шешім қабылдауға;
11) алып тасталды – ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
12) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелеріне қатысты есепке алу және есептілік құжаттамасын тексеруге ұсынуға;
13) егер кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет халықтың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін болса, оны тоқтата тұруға;
14) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың объектілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің сақталуы тұрғысынан тексеруі мақсатында оларға кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
15) эпидемиологиялық айғақтар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының нұсқамалары, қаулылары бойынша дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау іс-шараларын өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.

Пациенттердің міндеттері
1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;
3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

2. Осы баптың 1-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады

Қазақстан Республикасы Конституциясы – 29бап
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»
Қазақстан Республикасының Кодексі- 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV
88-бап. Азаматтардың құқықтары
89-бап. Балалардың құқықтары
91-бап. Пациенттердің құқықтары
90-бап. Азаматтардың, дара кәсіпкерлер мен заңды
тұлғалардың міндеттері
92-бап. Пациенттердің міндеттері

gp4.png
Астана қаласы
Шевченко к.,1
8 (7172) 57-28-65, 1430
pol_4@mail.ru
© Design by 2024 site-pro.kz. All Rights Reserved.
  • БАСТЫ
  • Біз туралы
  • Жемқорлыққа қарсы комплаенс қызмет
  • Жаңалықтар
  • Пациенттерге
  • Қызметкерге
  • ТМККК
  • Байланыс